20.05.2017
Жалағаш ауданындағы №123 мектеп-лицейінің кітапханашысы Абишева Сәуле инновациялық мектептер арасында үздік кітапханашы атанды.
Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде алғаш рет «Инновациялық мектептің үздік кітапханашысы» байқауы өткізілді. Мақсаты кітапханашылардың беделін арттыру және Қызылорда облысындағы білікті кітапханашыларды анықтау, кітапхана қызметкерлерінің жаңа жетістіктерін педагогикалық тәжірибеде насихаттау болып табылады.
«Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес педагогтар мен кітапхана қызметкерлері үздіксіз серіктестік қарым-қаиынаста болуы қажет. Бүгінгі іс-шарада инновациялық мектептердің кітапханашылары өз біліктіліктерін көрсетіп, заманауи кітапханашы қандай болу керектігі, оқушыларды кітап оқуға баулу бағытында заманауи әдіс-тәсілдерімен бөлісетін болады», — дейді Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары Дариха Мунарбаева.
Аталмыш байқауға Қызылорда, Арал, Жалағаш, Қазалы аудандарының пилоттық және инновациалық мектептерінен 11 кітапханашы қатысуға ниет білдірді.
Байқау шарттары бойынша қатысушылар төрт тапсырмада бақ сынасты. Бірінші кезеңде қатысушылар «Оқушылармен әңгіме», «Мұғалімдермен әңгіме» тақырыптары бойынша бейнефильмдер көрсетті. Екінші кезеңде кітапхана қызметкерлері өзекті мәселелер бойынша түрлі ситуациялық жағдаяттарды шешу арқылы шешендік өнерлерін паш етті. Үшінші кезеңде қатысушылар оқушылар арасында кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын ашық іс-шараларын өткізді. Соңғы кезеңде қатысушылардың портфолиолары, әдістемелік нұсқаулықтар, кәсібилігін дәлелдейтін түрлі құжаттарын арнайы көрмеге қойды.
«Бүгін біз бір бірімізден тәжірибе алмастық, бөліскен тың идеяларды алдағы уақытта өз тәжірибемізде пайдаланатын боламыз. Жалпы біздің — кітапханашылардың мақсаты балаларды өз еркімен кітапхана келіп, кітап оқуға тарту болып отыр. Осы орайда кітапханашылар бүгінде жан-жақты дамып, ізденімпаздықпен жұмыс жасап жатыр. Оқитын қоғам ғана бәсекеге қабілетті ел бола алады», — дейді Жалағаш кентінен келген қатысушы Досанова Феруза.
Сайыс қорытындысы бойынша, 3 орынға Арал қаласының №262 мектеп-гимназиясының кітапханашысы Утаралиева Айнұр және қаладағы №5 мектеп-лицейінің кітапханашысы Қойшыбаева Алтын лайықты деп танылды. Ал облыстағы №212 мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі Гулзифа Тлепбергенова жүлделі екінші орынды иеленді. Жалағаштан келген қатысушы Досанова Феруза 1-ші орынға тұрақтаса, теориялық біліктілігі және кәсіби практикасының үздік жұмыстарымен ерекшеленген Абишева Сәуле байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
Барлық жеңімпаздар Дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады. Алдағы уақытта мұндай шаралар дәстүрлі түрде өткізілетін болады.