Мұқағали Мақатаев — 93 жыл

08.02.2024

Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!

Қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Қызылордадағы NIS-те 8-9-сынып оқушылары арасында «Жырларым, жылдарыммен жалғасыңдар!» атты әдеби-танымдық зияткерлер сайысы өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері және кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған шара ақынның өмірі, шығармашылығымен таныстыруға, поэзия құдіреті мен әндерін дәріптеуге, тұлғаның өлеңдері арқылы оқушылардың халқына, тілге деген сүйіспеншілік сезімдерін оятып, отаншылдыққа тәрбиелеуге бағытталған.

3 топқа біріктірілген жас зияткерлер зерттеген ақпараттары негізінде 4 кезеңде сайысты. «Кіл мықтыдан кім мықты?» бөлімінде қатысушылар ұяшықтардан сұрақтар таңдап, Мұқағали Мақатаевтың өмірі, шығармашылығы, отбасы тақырыптары бойынша сынға түсті. «Суреттер сөйлейді» кезеңінде дарынды өрендер ақынның сөзіне жазылған әндердің атауын тауып, шырқап берсе, «Жалғасын тап!» бөлімінде тұлғаның өлең шумақтарын ретімен орналастырып, білімдерін көрсетті. Соңғы шешуші кезең «Мұқағали ізімен…» деп аталды. Мұнда оқушылар шығармашылық қабілеттерін байқатып, берілген ұйқастар негізінде өлең шығарды. Жан-жақты сыналған зияткерлер белсенді қатысып, дүниетанымдарын кеңейтті.

«Сайыстан өзіме қажетті көптеген қызықты ақпараттар алдым. Шара жеңіл, әрі танымды болды. Болашақта ақынның шығармаларын терең зерттейтін боламын», – дейді 8-сынып оқушысы Сымбат Төребек.

Рухани азық алып, ақын жырларын мәнеріне келтіріп оқыған кеш соңында жеңімпаздар да анықталды. 1-орынды сайыс басынан белсенді болған «Орда» тобы еншілесе, 2-орынды «Лашын» тобы, 3-орынды «Бақыт» тобы қанжығаларына байлады. Шараға қатысқан мектеп ұстаздары да М.Мақатаев шығармашылығынан өлеңдер оқып, естеліктерімен бөлісті.
https://www.facebook.com/KyzylordaNisLibrary/posts/pfbid02D8HizdW4fdzR7peVUar3uD1Bw2tpjeywNRgnVmBT8P7aocbVgFdivYtSUMnCZ1YNl?__cft__[0]=AZURPyTHkczNCNsCXm8Ugen6Oc-enVE064aw-ElgTltGi8o8O98l2XsFfPLxl4lxzsPYww0KCdIT-oAH2R1XS_B-3J0_2MoxcXpjTMWf-GnzTLo1_x1kH21IXTq7t3yjW2sDKNSgmThOie9DTUIrciayoXPn45rFgTfFqH9gmZ1duhoPKaTIskpINDINEojiBWq65eMUDde1KGLJQ34OAPsM&__tn__=%2CO%2CP-R

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.